Шымкентте қаңтар қақтығысына қатысты деп қамалған көпбалалы ана түрмеден шықты. 6 баланың анасы Кәрима Хайдарова темір торда екі жарым ай жатқан. Содан үйіне енді ғана оралған ол тергеуде көрген қорлықтарын жайып салды. Шеруге көпбалалы аналардың жанайқайын айтам деп шыққан Кәрима Хайдарова қаңтардың 8-күні қамалған. Содан наурыздың 15-не дейін түрмеде жатқан 6 баланың анасы үстінен қозғалған іске келіспейді. Сөзінше өзіне тағылған айып қып-қызыл жала. Шымкенттік ананың 6 баласының екеуі мүгедек. Қазір оған билік өкіліне қарсы шықты, ғимаратты талқандады және митинг ұйымдастырды деген айып тағылып отыр. Ешқайда кетпеу туралы қолхатпен шыққан келіншектен бөлек қаңтар қақтығысына қатысты қаладағы уақытша ұстау абақтысында тағы бір көпбалалы ана жатыр.