Үкіметте нашақорлықтың алдын алуға бағытталған штабтың отырысы өтті

11
17.10.2025 00:00

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен нашақорлықтың алдын алуға арналған республикалық штаб отырысы өтті. Жиында Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатын орындау және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл шаралары қаралды. Қазір елде нашақорлық пен есірткі саудасына қарсы күрестің кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Құжатта оқымайтын және жұмыссыз жүрген NEET санатындағы жастарға, бұқаралық спорт пен шығармашылықты дамытуға басымдық берілмек. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, биыл «Кибернадзор» жүйесі арқылы анықталған зиянды сайттар саны 11 есе көбейіп, 26,5 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталған. Тоғыз айда 6 210 есірткі қылмысы әшкереленіп, 26 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Премьер-министр аймақ әкімдеріне де бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Жыл соңына дейін өңірлердің нашақорлықпен күрес жөніндегі рейтингі жасақталмақ.