Елімізде 130 криптоайырбастау алаңы заңсыз жұмыс істеп келген. Бұл платформалар арқылы интернет-алаяқтар мен есірткі саудасымен айналысатындар табысын жасырып отырған. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, бүгінде олардың қызметі тоқтатылды. Тергеу барысында 8 миллиард теңге қаражатқа тыйым салынған. Қылмыскерлер ақшаны банк шоттарына немесе электронды әмияндарға аударып, бірнеше операция арқылы ізін жасырып отырған. Мұндай қызмет үшін комиссия алынған, ал аударымдар көбіне басқа адамдардың атына рәсімделген карталар арқылы жүргізілген. Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарға тек лицензиясы бар ресми платформаларды пайдалануға кеңес береді. Себебі заңсыз айырбас қызметін қолдану – қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.