Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің «Тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» кең көлемде аталып өтті. Мерекелік іс-шара барысында қатысушылар этномәдени бірлестіктер ұйымдастырған ұлттық көрмелер мен тағамдар жәрмеңкесін тамашалады. Мұнда өзбек халқының тұрмысы мен мәдениеті, ұлттық киімдері мен қолөнер бұйымдары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты. Іс-шараның алғашқы бөлігі өзбек ағайындардың мәдени өмірін, салт-дәстүрін және түрлі саладағы жетістіктерін танытқан көрме мен ұлттық қойылымдар арқылы өрнектелді.Сонымен қатар, Ассамблея жастары, қала тұрғындары мен қонақтары және БАҚ өкілдері де жиынға келіп, достық пен бірлікті дәріптеген мерекенің куәсі болды.