Музыкалық аспап жасайтын шеберлерді қолдау қажет. Осылай деген Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі шеберлерге кәсіби мәртебе беріп, салық жеңілдіктерін қарастыруды сұрады. Оның сөзінше, домбыра күні енгізіліп, мектепте домбыра пәні оқытыла бастағанымен, сол домбыраны жасаушылар мемлекет назарынан тыс қалып қойған. Керемет күйшілер мен әйгілі әншілер түрлі жоғары марапаттарға ие болып жатыр. Ал музыкалық аспап жасайтын шеберлер "қолөнерші" деген кең категорияның көлеңкесінде қалып, марапат пен қолдаудан тыс қалып келеді, көбінде тіпті төсбелгі де жоқ.