Түркістан облысында «Дарбаза–Мақтаарал» темір жол желісінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ұзындығы 152 шақырым болатын ірі инфрақұрылымдық жоба Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарын қамтып, Өзбекстанға дейін жалғасады. Бұл – алыс-жақын шетелдерге тауар тасымалдауға жол ашатын маңызды бағыт. Ірі инфрақұрылымдық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып, елдің көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда 100 шақырымнан астам аумақтың ой-шұқыры тегістелді. Ердәуіт станциясында 4 шақырым рельс төселген. Жоба аясында салынуы тиіс 37 көпірдің 26-да құрылыс қызу жүріп жатыр. Болашақта жаңа темір жол бойынан үш станция мен екі разъезд бой түзейді. Сырдария өзенінің үстінен ұзындығы 500 метр болатын үлкен көпір салынып жатыр. Құрылысқа 350 техника мен 800-ге жуық адам жұмылдырылған. Мамандар келесі жылы 18 шақырымға темір жол төселетінін айтады. Жалпы құны 286 миллиард теңгені құрайтын жоба 2026 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған. Сол кезде 550 адамға жаңа жұмыс орны ашылады.