Киберқылмыспен күрес департаменті Украина Ұлттық полициясымен бірлесіп, 4,5 мыңнан астам адамды алдаған халықаралық ірі алаяқтық топтың қызметін тоқтатты. Алаяқтар Киев қаласында арнайы call-орталық ашып, Қазақстан, Еуропалық Одақ және ТМД елдерінің азаматтарына қоңырау шалып, өздерін заңгер ретінде таныстырған. Олар "жоғалған қаражатыңызды қайтаруға көмектесеміз" деп уәде берген. Топ әлеуметтік инженерия әдістерін қолданып, жалған құжаттар жіберген, "сот" немесе "салық органдары" атынан хабарласқан. Тіпті бет-әлпеттерін жасыру үшін deepfake технологиясын да пайдаланған. Деректер бойынша, 4 млн АҚШ долларынан астам шығын келген. Зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары да бар.