Түркістан облысында бой көтеретін нысандардың сәулеті бекітілген дизайн кодқа сәйкес салынуы қатаң бақыланады. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Сонымен қатар, жиында тұрғын үй, туризм және мәдениет саласындағы жаңа жобалардың эскиздері ұсынылды. «Жаңа қала» аумағында тұрғын үй кешендері мен қонақ үй, филармония мен әкімшілік ғимарат салу жобалары қаралды. Бұдан бөлек, Шардара жағажайын абаттандыру және Түлкібаста «Балықкөл» жобасын іске асыру бойынша ұсыныстар айтылды. Өңір басшысы әрбір нысанның сапасына, қолданылатын материалдарға және абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аударуды тапсырды.