Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін іздеуде жүрген күдікті Түркиядан экстрадицияланды. Ол — құқық қорғау органының бұрынғы қызметкері. Бас прокуратураның мәліметінше, азамат трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны және билігін асыра пайдаланғаны үшін елге жеткізілген. Тергеу деректеріне сай, күдікті 2015–2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысында басшылық қызмет атқара жүріп, ойын бизнесі саласындағы заңсыз әрекеттерге қамқорлық жасап, жүйелі түрде пара алып отырған. Қылмысынан кейін ол жасырынып, жеті жыл бойы халықаралық іздеуде болған. Биыл қаңтар айында Түркияның Измир қаласында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторында қамауда отыр.