Мемлекет басшысы жазғы туристік маусым қарсаңында бірқатар өңірдегі демалыс орындарының дайындығын қатаң сынға алған еді. Тексеру нәтижесінде санитарлық нормалардың сақталмауы, инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі және туристер қауіпсіздігінің әлсіздігі сияқты бірқатар кемшілік анықталған. Осы олқылықтарды жою үшін Туризм және спорт министрлігі арнайы жол картасын әзірлепті. Жобада тау кластерін дамыту, «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағайды» бірыңғай жүйеге қосу, ұлттық парктер аумағында инфрақұрылым салу және агротуризмді дамыту шаралары қамтылған. Құжатта жеті бағыт бойынша 72 іс-шара көзделген. Министрліктің мәліметінше, туризм саласына тартылған инвестиция көлемі бүгінде 460 млрд теңгеден асып отыр.