Түркістан облысында агроөнеркәсіп өнімдерін қайта өңдеуге басымдық беріліп, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Соның бірі – «Түркістан Текстиль» ірі мақта-мата кластері. Жоба еліміздегі ең ірі тоқыма кластерлерінің бірі болмақ. Оның жалпы құны – 86,5 млд теңге. Өндіріс 2300 ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Кластер толықтай жергілікті шикізатқа негізделіп, дайын өнім ішкі нарыққа және экспортқа шығарылады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаның құрылыс барысымен танысып, сапалы әрі жедел іске асыруды тапсырды. Қазіргі таңда өндірістік корпустар мен жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Алғашқы кезең биыл іске қосылса, қалғаны келер жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.