Бір топ түркістандық аналар зейнет жасын қысқартуды талап етті. Олар 63 жасқа жеткенде бейнетінің зейнетін көре алмай қаламыз ба деп қорқады. Себебі, әйелдерге 55 жастан бастап жұмыс істеу қиын екенін алға тартады. Жарты ғасырға жуық еңбек еткен олар ендігі өмірін немере қызығын көруге арнасақ деген ниетте. Алайда Еңбек және халықты Әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа заңды өзгерте қоймайтын секілді.
Айта кетсек, 5 және одан көп бала туған немесе асырап оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жасында зейнетке шыға алады. Сондай-ақ, Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 – 1963 жылдары аралығында кемінде бес жыл тұрған ерлер – 50 жасында, ал әйелдер – 45 жаста құрметті еңбек демалысына кетеді. Түркістандық тұрғындар да үкіметтен өңірдің экологиялық ахуалын ескеріп зейнет жасын қайта қараса деген уәж айтты.