Түркістан облысы халықаралық іскерлік қауымдастықпен байланысын нығайтуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Дубайда орналасқан Юнайтед Глобал Эл-Эл-Си халықаралық құрылыс және инвестициялық компаниясының президенті Фуад Насрмен кездесті. Кездесу барысында өңірдің инвестициялық әлеуеті мен инфрақұрылымдық даму жоспарлары таныстырылып, құрылыс саласындағы серіктестік мүмкіндіктері талқыланды. Әкім Түркістан облысы шетелдік инвесторлар үшін сенімді әрі тартымды алаң екенін атап өтті. Ал Юнайтед Глобал Эл-Эл-Си басшылығы аймақтағы инвестициялық ахуалды оң бағалап, тұрғын үй, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және қонақүй бизнесі бағытында жобаларды қарастыруға дайын екендіктерін жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтып, нақты инвестициялық жобаларды пысықтау жөнінде уағдаласты.