Су шаруашылығы саласында қызметтік тексеріс басталады — министрлік

7
26.08.2025 15:21

Түркістан облысында биылғы суару маусымы жоспарға сай өтті. Өңірге 3 миллиард 270 миллион текше метр су берілген. Шардарада негізгі дақылдарға су беру аяқталуға жақын. Ал Мақтаарал мен Жетісай аудандарындағы 109 мың гектардан астам жерге толық су жеткізілді. Мамандардың айтуынша, өнім жоғалту қаупі жоқ. Қосымша шаралар аясында Түркістан мен Қызылорда облыстары кезекпен су алды. Сонымен қатар 169 тік дренаж жүйесі қосылды. Бұл жұмыстар өнімді сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы суару науқаны 10 қыркүйекке дейін толық аяқталуы тиіс. Алайда министрліктің өзі биылғы вегетация кезеңін күрделі өтті деп бағалап отыр. Министр Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, кейбір аймақтарда мамандардың салғырттығынан қателіктер кеткен. Жоспардан тыс дақыл егіп жіберу деректері де анықталған.