Шымкентте Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты төртінші сот отырысы өтті. Прокурор қала әкімінің орынбасарына оқ атқан Ернар Жиембайды 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бауыржан Қараманов айыпталушының кәмелетке толмаған балаларының болуы – істі жеңілдететінін, ал қылмысты мас күйде жасауы – ауырлататынын айтты. Ал Жиембайдың әкесі Берденовтен кешірім сұрады. Бірақ ол кешірмейтінін жеткізді. Оны алда тағы бір ота күтіп тұр. Дәрігерлер тек 3-4 жарықшақты ғана ала алады, қалған 61-і өмір бойы денесінде қалады екен.