Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысына халықаралық сарапшылар оң баға берді. Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігінің Blue Peace Орталық Азия жобасының жетекшісі Александр Николаенко Қазақстанның соңғы екі жылда мемлекетаралық әріптестікті дамытуға ерекше күш салып келе жатқанын атап өтті. Он гидробекетті автоматтандыру жөніндегі бірлескен бастамасын айрықша бағалады. Оның айтуынша, бұл су ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашады. Сондай-ақ, министрліктің құрылуы су мәселелерін жоғары саяси деңгейге көтеріп, елдің нақты мақсаттарын жүзеге асыруға деген ынтасын көрсетті. Бұған мысал ретінде жаңа Су кодексінің дайындалуы мен қабылдануын атады.