2026 жылдан бастап Қазақстандағы әрбір тауардың өзіндік «паспортындай» арнайы сәйкестендіру коды болады. Бұл – саудадағы ашықтықты арттырып, сапасыз, жалған өнімдермен күресуді жеңілдететін қадам. Ұлттық тауарлар каталогы арқылы кез келген өнімнің құрамы, шыққан елі, бренді және өзге де мәліметтері бір цифрлық базаға жиналады. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда тауарлар жайлы ақпарат әртүрлі дерекқорда шашыраңқы, атаулары да бір-біріне сәйкес келмейді. Бұл салық жүйесіне де, бизнеске де кедергі келтіріп отыр. Бірыңғай код жүйесі енгізілген соң, кәсіпкерлер үшін шығын азаяды, ал тауарды нарыққа шығару уақыты қысқарады. Ең бастысы – тұтынушы тауардың шынайылығына және қауіпсіздігіне сенімді бола алады.