Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылындағы мектеп апатты жағдайда. Соның салдарынан, 150 бала құлауға шақ қалып тұрған білім ордасында оқуға мәжбүр. Бүгінде сынға ұшырап отырған мектеп қабырғасы осыдан 22 жыл бұрын қаланған екен. Ал қазір ғимараттың шатырынан су ағып, қабырғалар қақырап, тіпті іргетасы сөгіліп тұр. Жауаптылардың сөзінше, мектепті жөндеуге келгенде бюджетте қаржы қаралмаған. Білім ордасында, пәндік кабинеттің жоқтығы былай тұрсын, спорт залда ойнау, акт залда мерекелік шара өткізу деген ауыл балалары үшін арманға айналған.