Түркістанда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты мәдени кеш өтті. Кеш аясында көрермендерге Абай шығармаларынан театрландырылған композициялар көрсетілді. Сонымен қатар, «Самғау», «Әмина» және «Бисұлтан» би ансамбльдері ақынның туындыларына арналған хореографиялық қойылымдарды қойды. Қазақ эстрадасындағы «Меломен» тобы Абайдың әндерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сахна төрінде «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» сынды Абайдың мәңгілік әндері шырқалды. Кеш барысында көрермендерге Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты викториналық сұрақтар қойылып, танымдық ақпараттар ұсынылды.