Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары күшейтілді. 2027 жылға дейін 912 мың гектар жер заманауи әдіспен суарылады. Фермерлерге қолдау ретінде инфрақұрылым тарту мен технологияға жұмсалатын шығындардың 80%-ға дейінгі өтемақысы қарастырылған. Сонымен қатар, суды артық пайдаланғандарға тариф 20%-ға өсіп, сараланған субсидия жүйесі енгізілді. Су кодексінің жаңаруы мен 6 мың шақырым арнаның жаңғыртылуы бұл реформаларды жеделдетіп отыр. Биылдың өзінде шамамен 200 мың гектар алқапты суаратын 962 шақырым канал пайдалануға берілмек.