Түркістан облысының әкімі Шардара ауданындағы ауыз су тапшылығына қатысты жағдайды жеке бақылауына алды. Өңір басшысы бүгін көпқабатты үйлерді аралап, тұрғындармен кездесті, пәтерлерге кіріп, су қысымын тексерді. Облыс әкімінің тапсырмасымен ауыз су мәселесін шұғыл шешу үшін нақты іс-қимыл алгоритмі бекітіліп, штаб құрылған. Қаладағы бірнеше ықшам ауданда 2 тонна су жинау ыдыстары орнатылып, оларды толықтыру үшін 10 арнайы көлік тартылды. Су «Өтеғұл» шағынауданындағы ұңғымадан алынып жатыр. Сонымен қатар, баламалы су көзі ретінде қосымша ұңғыма бұрғыланып, 630 текше метр су беретін насос іске қосылды.