Түркістан облысында заңсыз жер қазушыларға қатаң тосқауыл қойыла бастады. Аймақтағы пайдалы қазбаларды өндіру кезінде талаптарды сақтамаған 22 жер қойнауын пайдаланушының жұмысы тоқтатылды. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен алқалы жиында кеңінен талқыланды. Ресми мәліметке сүйенсек, өңірде жалпы 198 компания жер қойнауын пайдаланады. Оның 74-і келісімшартпен, 124-і лицензиямен жұмыс істейді. Алайда олардың арасында заңды белден басып, табиғатқа залал келтіріп жатқан кәсіп иелері аз емес. Облыс басшысы мұндай әрекеттерге көз жұма қарауға болмайтынын ескертіп, жауапты органдарға лицензияларды қайтарып алу, рейдтерді күшейту, заңсыз тас өндірушілер мен сатушыларды тоқтатуға нақты тапсырма берді.