Үкімет өз жұмысында мемлекет мүдделерін әрдайым бірінші орынға қояды. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты есебінде осылай деді. Жалпы былтыр қазынаға 19,6 трлн теңге түскен. Жоспар 97,2%-ға орындалған. Төмендеуі үшінші елдерден импорттың азаюы және Теңіз кен орнында кеңейту жөніндегі жобаны іске қосудың кейінге қалдырылуына байланысты болған. Бірақ Олжас Бектенов мемлекет өз міндеттемелерін толық көлемде орындап жатқанын жеткізді. Жуырда ғана фискалдық саясатты айқындайтын жаңа Бюджет және Салық кодекстері қабылданған. Олардың мақұлдануы бюджетке даму және инфрақұрылымдық мақсаттарға 3 триллион теңгеден астам қаржы бағыттауға мүмкіндік беріпті.