Қызылорда облысындағы ең шалғай елді мекендердің бірі — Ақбасты ауылы алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды. Ұзындығы 117 шақырым болатын Арал-Сарыбұлақ су құбырының Қосаман-Ақбасты тармағының құрылысы аяқталды. Бұған дейін ауыл тұрғындары су тасымалдаушы көліктерге тәуелді болатын. Енді 400-ге жуық тұрғыны бар ауыл тұрақты әрі сапалы тіршілік нәріне қол жеткізіп отыр. Бұл — ел бойынша жүзеге асып жатқан 31 ірі жобаның бірі. Су ресурстары және ирригация министрлігі қазір 1 миллион 300 мың халықты ауызсумен қамтуды көздейтін жұмыстар жүргізіп жатыр.