Түркістанда облыстық мәслихаттың кезекті он жетінші сессиясы өтті. Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты 21 өзекті мәселе қаралды. Оған облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық және аудандық мәслихат төрағалары, басқарма басшылары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Алқалы жиында облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді таныстырды. Жергілікті өзін-өзі басқару, бюджеттік жоспарлау, әлеуметтік инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығы салаларындағы түйткілдер талқыланды. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге қатысты лицензиялар мен келісімшарттардың орындалуы жөнінде есеп берді. Жиын соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, қабылданған шешімдердің өңір дамуына оң серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, депутаттардың белсенділігіне алғыс айтып, мәслихат жұмысына сәттілік тіледі.