Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс нығайып келеді. Елімізде аспан асты елінің кәсіпкерлерімен біріккен 224 жоба жүзеге асуда. Олардың жобалық құны 66 млрд 400 млн доллар шамасында. Кәсіпорындар 50 мыңға жуық тұрғынды жұмыспен қамтиды. Бұл туралы Олжас Бектеновтың жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы бойынша қазақ-қытай келісімдерін жүзеге асыру мәселелері жөнінде өткізген кеңесінде белгілі болды. Бұл көрсеткіш әлі де жақсара түспек. Себебі Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» форумында да бір қатар құжатқа қол қойылды. Мәселен, Алматы облысында «жасыл» энергетика, логистика, өнеркәсіп саласындағы жобаларды қоса алғанда, $6 млрд-тан астам соманы құрайтын 7 жоба қаралды. Астана қаласы, Қызылорда және Түркістан облыстары инфрақұрылым, агроөнеркәсіп және өнеркәсіп салаларында бастамалар ұсынды.