Қазақстан Президенті Үндістан Премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады

28
12.06.2025 20:01

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиге Ахмедабад қаласында жолаушылар ұшағы апатынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қазақстан Президенті қайтыс болған азаматтардың отбасылары мен жақындарын сабырға шақырып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетулеріне тілектестік білдірді. Естеріңізге сала кетсем, Ахмедабад қаласынан Лондонға бет алған "Боинг-787" әуе көлігі жерден көкке көтеріле алмай, бірер секунд ішінде дәрігерлер жатақханасының үстіне құлаған. Ұшақ бортында болған 242 адамның бәрі қаза тапқан болуы мүмкін. Олардың 12-сі экипаж мүшелері. Жолаушылардың дені Үндістан, Ұлыбритания, Канада және Португалия азаматтары. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, апаттан қаза тапқан немесе зардап шеккен Қазақстан азаматтары туралы ақпарат түскен жоқ. Қазір жергілікті әуежай жұмысын уақытша тоқтатты. Ұшақ тиесілі "Эйр Индиа" әуе компаниясы апаттың мән-жайын анықтап жатқанын мәлімдеді.