Жыл басынан бері қауіпсіздік талаптары бұзылып, жұмысы тоқтаған кәсіпорындар саны 4,5 есеге артқан. Мәселен, биыл 16 мыңға жуық объектінің өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздігі тексерілген. Нәтижесінде, 100 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталыпты. Бұл туралы еліміздің төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді. Айтуынша, жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп тудыратын өрескел қателіктерге байланысты 7,5 мыңнан астам нысанның жұмысы тоқтаған. Бұл кәсіпорындарда өртке қарсы автоматика жүйесінің болмауы немесе оның дұрыс жұмыс істемеуі және эвакуациялық шығу жолдарына кедергі келтіріп бітеп тастау сынды қарапайым қауіпсіздік ережелері сақталмаған.