Елімізде су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі күшіне енді. Мұнда тұңғыш рет «су қауіпсіздігі» және «экологиялық ағын» ұғымдары енгізілді. Су объектілерін қорғау бойынша да талаптар кеңейтілді. Ең алдымен шағын өзендер мен көлдерге баса назар аударылған. Бұдан былай шағын өзендерге тұйық бөгеттер салуға болмайды. Сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтар да арнайы қорғауға алынады. Ал жергілікті билік екі жыл ішінде барлық елді мекендегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеуі тиіс. Сонымен қатар енді су пайдаланушылар шаруашылық үшін еріген қар суын өз бетінше және арнайы рұқсатсыз жинай алады. Ол үшін көлемі 2 млн текше метрден аспайтын тоған, су қоймасы немесе басқа да қойма болуы керек. Бұл нысанды тіркеу үшін бассейн инспекциясына хабар беруі қажет.