Түркістан облыстағы елді мекендерді табиғи газбен қамту бойынша 64 жоба қолға алынды. Жыл соңына дейін оның 38-інің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Қалған 16 елді мекенді қамтитын 26 жоба келесі жылға өтпелі. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен өткен штабтың отырысында айтылды. Жауаптылардың мәліметінше, өңірді сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша 45 инфрақұрылым нысанында құрылыс жүріп жатыр. Төлеби және Жетісай аудандарында қосалқы станцияларын іске қосу жоспарланған. Зұлпыхар Жолдасов салаға жауапты аудан, қала әкімдерінің орынбасарларының есебін тыңдап, атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Әр нысанды жеке қарап шығып, «сақалды құрылыстың» алдын алуды, жұмыстарды сапалы атқаруды тапсырды.