Түркістан облысында тікұшақтар мен жүк тасымалдайтын дрондарды шығаратын жаңа зауыт ашылуы мүмкін. Бүгін инвесторлар мен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің кездесуі өтті. Ауқымды зауыттың құрылысы үшін индустриялық аймақтар мен Сауран ауданы потенциалды орын ретінде ұсынылды. Бұл жоба өңірдегі ең технологиялық өндірістердің бірі болуы мүмкін.Шетелдік компания Түркістан облысына шамамен 290 миллион АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр. Зауытта 150-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылмақ. Әкім ынтымақтастыққа ашық және инвесторларды барлық кезеңде қолдауға дайын екенін атап өтті.