Елде металлургия және мұнай химиясы салаларында 5 ірі жоба іске асырылып жатыр. 19 жарым млрд доллар инвестиция тартылған бастаманың арқасында 8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Үкіметте өткен жиында Олжас Бектенов атқарылған жұмыстар жайында жауапты өкілдердің есебін тыңдады. Президент тапсырмасымен отандық өнеркәсіп әлеуетіне серпін беретін 17 ірі жобаның тізімі бекітілген. Іске аса бастаған жобалар қатарында Павлодар облысындағы «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты», Атырау облысындағы үш жаңа мұнай химиясы жобасы, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын арттыру бастамалары бар. Премьер-министр бұл кәсіпорындар отандық өндірушілердің өнімдеріне сұранысты арттыруға ықпал ететінін атап өтті.