Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев саммитті көне Будапешт шаһарында өте жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ түркі елдерінің арасындағы сауда-саттықты арттыру тәртібін құжатпен бекіту керек екенін айтты. Былтыр Қазақстанның Ұйым елдермен арадағы алыс-берісі 11 миллиард доллардан асқан. Президент мұны әлі де арттыру қажет дейді. Сондай-ақ жиында мұнай, газ, уран басқа да тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыру мәселесі айтылды. Әсіресе Орта дәлізді Шығыс пен Батыстың арасындағы негізгі көпірге айналдырудың маңызы зор. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдерді ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.