Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды. Үкімет басшысы автожол желісін дамыту, энергиямен жабдықтау жүйесін жаңғырту, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру бойынша Президент тапсырмаларының орындалуын тексерді. Бірінші «Орталық-Батыс» күре жолының жоспарымен танысты. Елордадан батыс облыстарға бағыт алатын жол 5 сағат уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Одан соң Арқалықтағы Жылу энергия орталығына барды. Жергілікті әкімдіктің айтуынша соңғы 2 жылда 17 шақырымнан астам жылу желісі жөндеуден өткен. Сондай-ақ Олжас Абайұлына өңірдегі жасыл энергетиканы дамыту бойынша жоспар таныстырылды. Аймақта алдағы уақытта бірнеше жел электр стансасының құрылысы жүргізілмек.