Мәжіліс салық кодексі мен оған ілеспе заңды қабылдады. Құжатта қосымша құн салығы көлемін 16%-ға дейін арттыру, оның межесін 40 млн теңге көлемінде бекіту қарастырылған. Өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жаңа өзгерістерге сай, медицина саласында қосымша құн салығы тек ақылы қызметтерге салынбақ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология – қосымша құн салығын төлеуден босатылады. Бұған қоса, "байлық салығы да" салынбақ. Жылжымайтын мүлік құны 450 млн теңгеден асқан мүлікке салық көлемін арттыру ұсынылып отыр. Ал қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосылған құн салығын төлеуге міндетті.