Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-ші сессиясының пленарлық отырысы басталды. Күн тәртібінде талқыланатын тақырып – "Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл". Сессия жұмысына 1600-ден астам адам қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында Парламент депутаттары, өңірлерден келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, тағы да басқа үкіметтік емес ұйым мүшелері бар. Жалпы 1995 жылы құрылып, түрлі ұлт пен этностың ұйтқысына айналған ұйым елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің басты кепілі ретінде қызмет етіп келеді. Қазір Ассамблея мүшелері Парламент құрамында елдің саяси һәм экономикалық дамуына да өздерінің елеулі үлесін қосып жүр.