«АМАНАТ» партиясының Түркістан облыстық филиалы Ұлы Отан соғысы ардагерлерін жеңістің 80 жылдығымен құттықтауды бастап кетті. Партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында жыл бойы үздіксіз жалғасып келе жатқан жоба Қазығұрт ауданынан бастау алды. Облыс бойынша 9 соғыс ардагері болса, соның екеуі аталған ауданның тұрғындары. Қазығұрт ауданы Өндіріс елді мекенінің тұрғыны Әкімбай Жұмабаев. Ақсақал биыл 102 жасқа жетіп отыр. Майданға 1942 жылы алынып, соғыстың ең ауыр бөлігі, қайғы мен үмітке толы кезеңі – Сталинград шайқасына қатысқан. 1943 жылы ауыр жарақатымен госпитальға жатқызылып, сол жылы елге қайтқан. 40 жылдан астам уақыт өзі туып өскен Тұрбат ауылында ауыл шаруашылық саласында еңбек етіп, күн көрісін жалғастырған...