Қазығұрттық азамат есік алдында ағып жатқан арықтың өзін кәдеге жаратып отыр. Мұнда үлкен су қоймасы да, күрделі инфрақұрылым да жоқ. Жәй ғана үй іргесіндегі шағын көлшіктен 3 тоған жасаған. 12 соттық жерде 800-ге жуық сазан мен дөңмаңдай жүзіп жүр. Бұл – Сүндет Бекбауовтың шағын бастамасы. Аз шығынмен басталған шаруа – үлкен мүмкіндікке айналып келеді. Сүндеттің бұл ісі ерінбеген адамға судан да табыс табуға болатынын дәлелдесе керек. Кәсіптің көзін тапқан шарбұлақтық жігіттің бұл ісі арқылы өзге де ауылдастарына, болашақ кәсіпкерлерге үлгі. Бұл істі бастау үшін көп қаражат қажет емес. Бастысы ниет пен ізденіс болса жеткілікті. Кәсіпкердің сөзінше, сазан мен дөңмаңдайды өсіруі бекер емес. Өйткені, олар су таңдамайды тіршіліктен қаймықпайды.