Түркістанда наурыз айында жаңа дендросаябақ қолданысқа беріледі. Сондай-ақ қалада 500 орындық мәдениет үйі, қолөнер қалашығы мен ескек есу каналының құрылысы қызу жүруде. Киелі мекенге неғұрлым көп турист тарту мақсатында шаһарда бесжұлдызды қонақ үй мен аквапарк та бой көтермек. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қоғамдық кеңес отырысында баяндады. Әкім 2024 жылы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есеп беріп, биылғы жоспарымен бөлісті. Айтуынша өткен жылы қаланың жалпы өңірлік өнім көлемі 452,6 млрд теңгеге жетсе, биыл бұл көрсеткішті 462,7 млрд теңгеге жеткізу көзделген.