Тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету - маңызды бағыттардың бірі. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына барып, шаруалармен осы саладағы маңызды мәселелерді талқылады. Өңір басшысы диқандарды ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытына бет бұруға шақырды. Сондай-ақ қажет емес делдалдарды жою жолдары айтылды. Кездесуде көтерме дистрибьюторлық орталық ашу мәселесі көтерілді. Бұл – ауылшаруашылық өнімдерін сақтауға, өңдеуге және өткізуге арналған құрылымдар мен жабдықтар кешені. Өңір басшысы жауаптыларға орталық ашу мәселесін озық елдер тәжірибесін пайдалана отырып қарастыруды тапсырды. Аймақ басшысы Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылдық округіндегі «Agro Tur» шаруа қожалығында болды. Ашылғанына алты жыл болған шаруа қожалығы бір мезетте 3 млн. көшет дайындауға қауқарлы. Ал жылына 12 млн. түп көшет және 310 тонна көкөніс өндіре алады.