Кешелі бері күллі әлем назары алпауыт АҚШ-қа ауды. Себебі елдің 47-ші Президенті Дональд Трамп мыңдаған халықтың алдында ант қабылдап, тұғырлы тағына қайта отырды. Ұлықтау рәсімі ауа-райының қолайсыздығына байланысты Капитолий ғимаратының ішінде өтті. Жаңа президент 1955 жылы анасы сыйлаған және 1861 жылы Авраам Линкольн пайдаланған Інжілді ұстап тұрып ант берді. Салтанатты шараға әлемдегі атақты адамдар, көшбасшылар мен ең ауқатты азаматтар келген. Трамп Ақ Үйдегі алғашқы күнінің өзінде-ақ әкімшілік қабылдаған 80 шешімнің күшін жойды. Сайлауалды уәделерін орындау мақсатында 100-ге жуық жарлыққа қол қойып та үлгерді. Олардың ішінде АҚШ пен Мексика арасындағы шекара, сөз бостандығы, сот жүйесіне қатысты маңызды құжаттар бар. Ал, бұдан алдынғы Президент Джо Байден қызметке кіріскеннен кейін небәрі 17 құжатқа қол қоюмен шектелген еді.