Өткен жылы елімізде 18,9 млн шаршы метр көлемінде баспана берілген. Көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 6 пайызға артып, алдыңғы жылдардағы рекордты жаңартқан. Бұл жөнінде Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген тұрғын үй мәселесі жөніндегі кеңесте айтылды. Сондай-ақ үкімет басшысы жұмысшы мамандықтары жылы аясында ипотекалық және жалға берілетін жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасын кеңейту қажеттігін атап өтті. Ал, өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес тұрғын үй мәселесін шешу бойынша жұмыс жүргізілуде. Дәлірек айтсақ, 2029 жылға дейін жаңа баспана құрылысының көлемі 111 млн шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр.