Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне көрсетілген сый-құрметі мен қонақжайлық үшін ризашылығын жеткізіп, «Абу Дабидің орнықты даму апталығының» сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Президент бүгінде Біріккен Араб Әмірліктері еліміздің экономикасына қаржы құйған он ірі шетелдік инвестордың қатарына кіретінін атап өтті. Ал Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысуға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалап, Қазақстанмен арадағы саяси диалог пен экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтудің және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асырудың маңызына тоқталды. Ол халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен орнықты дамудағы өзекті мәселелерді шешуде Астананың үлесі зор деп санайды