Кәсіпкерлер шыршаны заңсыз сатып жатқан жоқ па? Бүгінгі Сенаттың қорытынды отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев осындай сауал жолдады. Оның айтуынша кәсіпкерлер импорттық тауар деп өз жеріміздегі шыршаны отап жатуы мүмкін екен. Өйткені ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше Ресейден Қазақстанға биыл 78 мың, өзге ведомостваның дерегінше 106 мың қылқан жапырақты ағаш кіргізілген. Халық қалаулысы Қазақстанда шыршаны жаппай кесуге тыйым салынғанын атап өтті. Алайда заң талаптары қатаңдағанымен жыл басынан бері 224 заңсыз орманды кесу фактісі тіркеліпті. Бұл өз кезегінде үлкен экологиялық проблемаға айналуы мүмкін.