Өткен жылы елімізде жүзеге асқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 4 млнға жуық азамат қатысқан. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында айтты. Бастаманың нәтижесінде 1,5 млн тоннадан аса қоқыс жиналған. Өңірлерде 3 млннан аса көшет, тал-дарақ егілген. Президент сұхбат барысында акцияға атсалысқан жастарға риза екендігін жеткізді. Сондай-ақ жобаның жүзеге асуына тікелей әкімдер жауапты екенін, аймақтарды аралағанда қалалардың қалай абаттандырылғанына назар аударатындығын да қоса кетті.