Жылдың үздік қоңырауы! Түркістан облыстық полиция департаменті «102» арнасына түскен қоңыраулардың бірін осылай атады. Ерекше хабарламаның иесі - такси жүргізушісі. Оған Шымкент қаласынан белгісіз ер адам сәлемдеме беріп, оны Түркістанда бір қыздың күтіп алатынын айтқан. Жүргізуші басқа жолаушыларды түсіріп жатқанда сәлемдемені жерге құлатып алып, ондағы электр шәйнегіне синтетикалық есірткі салынғанын байқайды. Ер адам дереу полицияға хабарласып, мән-жайды түсіндірген. Жедел шаралардың нәтижесінде екі орам есірткі тәркіленді. Ал, сәлемдемені күтіп алған жас қыз ұсталып, тергеу барысында есірткіні жеке қолдануға алғанын мойындаған. Бүгінде ол сот шешімімен жауапқа тартылды.