Түркістанда Ясауи кесенесі төңірегіндегі құрылыс жұмыстары шектеледі. Мәжіліс «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Заң аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қорғау аймағының шекарасынан 100 метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ тарихи ескерткіштермен ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша үйлеспейтін нысандардың құрылысына тыйым салынады. Онымен қоса қолөнершілер шығындарының бір бөлігі – 10%-дан 25%-на дейінгі аралықта жергілікті бюджет есебінен өтеу қарастырылған. Түркістан қаласы әкімдігіне 27 қосымша өкілеттік, ал мәслихатқа 7 өкілеттік беріледі.