Түркістан облысында балалар үйінің басшылары мен қызметкерлері мемлекет қаржысын талан-таражға салып, миллиондаған шығын келтірген. Мұндай заңбұзушылықты өңірдің Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлері әшкереледі. Мемлекеттің қамқорлығына алынған 8 мекеменің үш жылдық жұмысына тексеру барысында ондағы басшылардың тамақтан бастап тұрмыстық заттардан, тіпті көмірден де пайда тапқанын анықтаған. Шығын көлемі 51 млн теңге. Ал, қарттар үйінде көмірді артығымен алып, қыста мардымсыз жылу бергені анықталды. Қазір бұл мекеменің директоры мен есепшісі қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.