Алдағы жылдары елімізде мұнай-газ өндіру көлемі төмендей береді. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин айтты. Оның сөзінше, мемлекет есебінде 348 көмірсутек шикізатының кен орны бар. Ал еліміздегі мұнай қорының жалпы көлемі – 4,3 млрд тонна. Дегенмен халық қалаулысы сонау академик Сатпаевтың кезеңіндегідей, тәуелсіздіктің соңғы 25 жылында жүйелі, масштабты геологиялық зерттеу-барлау жұмыстары жүргізілген жоқ екенін атап өтті. Енді геологиялық барлаудың қазіргі баяу қарқыны мен мұнай өндірудің бүгінгі деңгейі сақталар болса, алдағы 15 жылда еліміздің көмірсутек ресурстарының қоры таусылатыны анық дейді депутат.