Түркістан қаласы жаңа нысандармен толығады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды салынып жатқан нысандарды аралап, жүзеге асатын жобалармен танысты. Әуелі, мәдениет үйінің құрылысын көрді. Бүгінде 75 пайызға аяқталған нысан 2025 жылы тапсырылады деп жоспарланған. Ғимаратта 500 орындық көрермен залы, әртістер бөлмесі, көрермен залы мен режиссер, суретші, киім өлшеу, мекеме әкімшілігінің бөлмелері қарастырылған. Өнерпаздардың дайындық залы да орналасқан. Одан кейін, аймақ басшысына «Селмаг» су жинау қоймасының құрылыс барысы таныстырылды. 2023 жылы басталған жұмыстар биыл аяқталады. Стратегиялық нысан заманауи құрал-жабдық, қондырғылармен қамтылған. Апаттық жағдайлар кезінде қаланың ескі аумағында үздіксіз су береді және жаз айларында ауыз су қысымын қалыпты деңгейде ұстап тұрады.